Данияр Исаев: «Мақсатым – халықтың мүддесі»

«Қарағанды Су» ЖШС бас директоры, VІ шақырылған Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Данияр Бауыржанұлы Исаев газет тілшісінің қойған сұрақтарына жауап берген еді.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ

isayev1– Данияр Бауыржанұлы, халық қалаулысы болудың қаншалықты қиын міндет екенін түсініп, оған алдын ала дайындалған боларсыз? Ол үшін қандай мақсат қойдыңыз және ол қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Мен халық қалаулысы болған кезде өзіме жүктелетін міндеттің қаншалықты ауыр болатындығын жақсы сезіндім. Қалалық мәслихатқа сайланар кезде алдыма бірнеше міндет қойдым. Сайлау алдындағы бағдарламамды жүзеге асыру үшін күн сайын жұмыс істеп келемін. Соның ішіндегі ең бастысы – Қарағанды қаласының инфрақұрылымдарын жақсарту, жылумен, сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйелерін жаңғыртып отыру, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Әсіресе, қысқы кезеңдерде жұмыста ешқандай мүлт жібермеуіміз қажет. Сондықтан да, біздер, коммуналдық сала қызметкерлері, қала тұрғындары алдындағы жауапкершілікті, қандай мәселені қалай шешуді, қандай қадамдар жасауды терең сезінеміз. Бұл жерде «Қарағанды Су» ЖШС-ін олардан бөліп қарауға болмайды. Апаттық жағдайларды жоюмен қоса кәсіпорынның жұмыс бригадасы желілерді жоспарлы түрде ауыстырумен, жабдықтарды жаңғыртумен айналысады, Инвестициялық бағдарлама жөніндегі жұмыстарды орындайды. Онымен қоса біз ұсынылатын қызметтің сапасын әрқашан жақсартып отыруға ерекше көңіл бөлеміз.
Қазіргі кезде кәсіпорынның балансында 1082 км су құбыры және 699 кәріз жүйесі бар. Кәсіпорынның бригадалары осылардың ескірген жерлерін үнемі алмастырып отырады. Мәселен, биылғы жылдың басына дейін 32 км су құбыры және 5 км кәріз желісі ауыстырылды. Ауа райы қолайлы болып тұрғандықтан, қазіргі кезде де мұндай жұмыстар толық қуатында жүзеге асырылып жатыр.
– Сіз мәслихаттың қандай тұрақты комиссиясына мүшесіз? Бұл комиссияның міндеті қандай және Сіз өз мақсатыңызға жету үшін қандай жұмыстарды жүзеге асырып жатырсыз?
– Депутат ретінде мен – мәслихаттың құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесімін. Бұған қоса «Нұр Отан» партиясының «Нұрлы Жол» және «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру мәселесі жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесімін. Қарағанды қаласы «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына екінші рет қатысып отыр. Бұл жерде бюджеттік қаражаттың жұмсалуын тек мемлекеттік органдар тарапынан ғана емес, депутаттар тарапынан да қатаң бақылауға алынғанын ерекше атап айтамын. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа жол» атты Жолдауын жүзеге асыруға арналған бұл бағдарламада инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бағдарламаны жүзеге асыру қала инфрақұрылымын дамытуға мемлекеттік инвестицияны тартуға мүмкіндік туғызып, экономикалық өсімнің қысқа мерзімдік қана емес, сонымен қоса орнықты дамудың ұзақ мерзімдік алғышартына жағдай туғызады. Біз, депутаттар жол жөндеу, жарықтандыру, мектептерді жөндеу, су құбыры мен жылыту желілерін алмастыру және басқа да жұмыстар бойынша депутаттық шығулар (орынға шығу) өткіземіз. Мен айына бір рет кестеге сәйкес тұрғындардың жеке мәселесі бойынша, тоқсанына бір рет «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде және Қазыбек би атындағы аудандық филиалында қабылдау өткіземін.
Қала тұрғындары әр түрлі сұрақтар қояды, әр түрлі мәселе көтереді. Сондай мәселенің бірі Гоголь көшесіндегі көпірдің жөндеу жұмысын тезірек аяқтау, қала көшелеріндегі ағаштарды жоспарсыз қиып тастаудан сақтау болды. Көпірді жөндеу жұмысы дер кезінде аяқталды. Тұрғындар көбіне өздерінің жеке мәселесіне қатысты сұрақтар қояды. Кейде жер телімін және жылжымайтын мүлікті рәсімдеуге қатысты заң мәселесіне байланысты да сұрақтар қояды. Ондайда тұрғындарға көмек көрсету үшін тиісті органдарға және басқа да жерлерге депутаттық сауалдар жолдаймын.
Тұрғындарды қабылдай отырып, мен қайырымдылық көмек көрсету ісінен де шет қалмаймын. Мәселен, екі мүгедек жан тұратын пәтердің суын қосуды қалпына келтірдім, біздегі теміржол цехының шебері, сегіз баланың әкесі Д. Оспановқа терезесін заманауи пластикке ауыстырттым. Әрине барлық келген адамға мұндай көмек көрсету мүмкін емес. Соған қарамастан көмек көрсетудің қандай да болмасын бір жолын табуға тырысамын.
Мәслихаттың сессияларында депутаттар қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға қажет шешімдер қабылдауға тырысамыз. Әр түрлі саланың өкілдерінен құралған депутаттық құрам қалада болып жатқан жағдайдан, әрбір мәселеден әрқашан хабардар болып отырады. Сайлаушылардың әрбір өтінішіне сергек қараймыз, кез келген мәселені ретке келтіру үшін депутаттық сауалдар жолдаймыз.
– Сіз үшін кәсіби қызметіңіз бен депутаттық жұмысты қатар алып жүру қиындық туғызбай ма? Бұл бағыттағы жұмыстарыңыз қалай?
– Қарағанды қаласы үшін өмірлік маңызды сала сумен қамтамасыз етіп отырған «Қарағанды Су» ЖШС кәсіпорнын басқарғаныма екінші жыл. Бұған дейін «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС атқарушы директоры болдым. Кәсіпорын балансында желілер мен құрылғылардан басқа екі күрделі технологиялық кешен бар. Оның бірі ауыз суды дайындау және тазалау кешені болса, екіншісі ағын суды қабылдау және тазалау кешені болып табылады. Уақыт ағымынан қалыспас үшін біздің мамандарымыз ТМД елдеріне және Европа елдеріне оқуға және тәжірибе алмасуға барып тұрады. Өзіміздің күнделікті жұмысымызда тек жақын аралықтағы міндеттерді ғана орындап қоймаймыз, сонымен қоса «Қарағанды Су» ЖШС-ін 2030 жылға дейінгі дамыту жоспарымен де жұмыс істеп жатырмыз.
Депутаттың ең басты қасиеті дәлелді жұмыс істеу болып табылады. Біздің жұмысымыздың 50-60 пайызы қала тұрғындарының мәселесін шешуге, қоғамдық жұмысқа кетеді. Сондықтан да біз жұмысты әкімдікпен тығыз байланыста жүзеге асырамыз. Жұмысымызда қаланың маңызды әлеуметтік мәселелеріне назар аударуға тырысамыз. Бюджеттің қалыптасуы, қала тұрғындарын медициналық және әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету, жол салу және жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері, ауыз сумен қамтамасыз ету және басқа да маңызды экономикалық мәселелер әрқашан біздің назарымызда. Сол сияқты қаланың қоғамдық көліктерінде жүріп-тұру, айлық билеттер мен әлеуметтік билеттер әрқашан қалалық мәслихатта талқылаудан өтеді. Сондықтан да өз жұмысымыз қаншама қиын болса да, мәслихаттың мәселелерінен ешқашан тыс қалмаймыз. Қандай тапсырма болсын орындаймыз.
– Жұмысбасты болғандықтан және қоғамдық істердің көптігінен отбасына көңіл бөлуге уақыт жетпейтін шығар? Сіздің мұндай мәртебеге ие болуыңызға жақындарыңыз қалай қарайды?
– Әрине, әрбір адамның отбасы - сенімді қорғаны. Менде де солай. Мен депутат болғанымда отбасым мен жақындарымның қуанышқа бөленгені сөзсіз. Олар қуанып қана қойған жоқ, мені қолдады да. Мәслихаттың депутаты болу тек құрмет қана емес, сонымен қоса ауқымды тәжірибені қажет ететін мәртебе, жеке адамның қай салада болмасын өсуі үшін үлкен тәрбие мектебі.
– Тағы да қандай істермен айналысасыз? Жұртшылыққа беймәлім өміріңіздегі тағы қандай жайларды айтар едіңіз? Қолыңыз босаған сәтте немен айналысасыз?
– Мен спортты ұнатамын. Бос уақытымда спортпен айналысқанда рахат аламын. Соған орай Кекушинка Карате-до Қазақстан Федерациясын басқарғаныма бірнеше жыл болды, мен каратеден қара белбеу иесімін. Биылғы жылы бірінші рет қашықтығы 42 км Марафонға (Алматы – Марафон) және Қарағандыда 3 маусым күні өткен Half Marafon-ға қатысып, 10 км қашықтықты жүгіріп өттім. Біздің жастарымыз әрқашан спортпен айналысса екен деймін. Биылғы жылы 14 ықшам аудандағы атақты боксшы Геннадий Головкин сыйға тартқан балалар алаңының ашылу салтанатына қатыстым.
– Сөз соңында қала тұрғындарына, сайлаушыларға айтар қандай тілегіңіз бар?
– Қала тұрғындарына тек жақсылық, отбастарына амандық тілеймін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай қайта түлеудің айырықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алып жатырмыз ғой. Осы мақсаттағы жұмысымыз жемісті болсын.
– Рахмет! Сіздің де халық үшін атқарып жатқан қызметіңіз жемісті болсын!

  • Нравится
  • Материалы по дате (общество)

    « Сентябрь 2018 »
    Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
              1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30